Шымкенттегі Мәңгілік Даңқ шеруіне 5000 адам келді
Мәңгілік Даңқ Шымкентте
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы
Ұлы Отан соғысы тарихтың қатпарларына дендеп еніп, бүгінгі мен өткеннің аралығы алыстаған сайын, сұрапыл соғыстың қақ ортасында болғандардың саны азайып келеді. Уақыт алға жылжып, Ұлы Жеңіс мерекесінің жасы ұлғайғанымен де, осы бір Ұлы Отан соғысы қатысушыларының қатары сиреп барады.

Соңғы уақытта Ұлы Жеңіс мерекесін атап өту шарттылыққа ұрынып, жалпыхалықтық мәнінен айырыла бастағаны байқалғандай еді. Майдан даласында қаза тапқан, не хабар-ошар болмай, із-түссіз кеткен, не елге оралып, дәм-тұзы таусылған жауынгерлердің есімдері ұмытылуға айналды.

Соңғы екі-үш жылда жалпыхалықтық сипат ала бастаған "Мәңгілік Даңқ" шеруі де осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталды.


Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстаннан 140 мыңнан астам жауынгер аттанды. Олардың жартысынан астамы елге оралмады. Майдан даласында қаза тапқан 51 оңтүстікқазақстандыққа КСРО батыры атағы берілді. 8 жерлесіміз "Даңқ" орденінің толық иегері атанды. Бүгінде ОҚО-да 427 ҰОС ардагері бар.
ОҚО әкімдігінің ресми мәліметі
Мәңгілік Даңқ шеруі қашан басталды?
РФ-ның Томск қаласындағы жергілікті "ТВ-2" телеарнасы 2012 жылы алғаш рет Мәңгілік Даңқ шеруін ұйымдастырды. Содан кейін бұл жалпыхалықтық қозғалыс әлем елдерінде қолдау тауып, атсалысқан жұрттың қатары артты.
— Біздің байқағанымыз, жыл сайын 9 мамырдағы шеруге келетін қарт ардагерлердің саны азайып барады. Ал олардың орнына саясаткерлер мен шенеуніктер басуда. Ал біз батыр апа-аталарымыздың шеруден қалмағанын қалаймыз. Сондықтан қала тұрғындарына соғыста жаумен айқасқан ардагерлердің суреттерін басып шығарып, 9 мамыр күні шеру ұйымдастыруды ұсындық.
Игорь Дмитриев
ТВ-2 телекомпаниясының журналисті
ТВ-2 сайтының фотосуреті
«Мәңгілік даңқ» шеруінің тағы бір үйлестірушісі, журналист Сергей Лапенков қай бір жылдары 9 мамырдағы шеруге соғыс ардагерлерінің өздерінің ұрыстан қайтпай қалған қаруластарының суреттерін алып келіп жатқанын көргенін есіне алады.
— Ақиқатына келсек, біз бұл қозғалыстың авторы емеспіз. 2012 жылы Томскіде алғашқы «Мәңгілік даңқ» шеруін ұйымдастырған кезде сонау, бала кезімізде көргенімізді еске алдық. Қай бір жылдары әр жерде халық өз батырларын, ардагерлерін ұмытпас үшін суреттерін алып, шерумен жүретін. Бір жерде аз адам, бір жерде көп адам сол суреттермен мәңгілік алауға келетін.
Сергей Лапенков
ТВ-2 телекомпаниясының журналисті
Томсктен басталған Мәңгілік Даңқ шеруі АҚШ, Германия, Норвегия, Оңтүстік Корея, Ирландия мен ТМД құрамындағы бірқатар мемлекеттерде жалғасын тапты. Қазақстан Республикасы да шет қалмай, әр жылы Мәңгілік Даңқ шеруіне қатысып келеді.

Биыл еліміздің 14 қаласында Мәңгілік Даңқ шеруі өтті
Мәңгілік Даңқ шеруі Шымкентке қалай келді?
Мәңгілік Даңқ шеруі Шымкентте алғаш рет 2014 жылдың 9 мамырында өтті. Мәңгілік Даңқ шеруінің Шымкентте өткізуге біздің медиахолдинг, яғни «Отырар-TV» телеарнасы, «Оңтүстік РАБАТ» және «РАБАТ» газеттері мен Otyrar.kz сайты мұрындық болды. Медиахолдинг жетекшісі Валентина Куликова Мәңгілік шеру өткізуге рұқсат алу үшін ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовқа жүгінді. Облыс әкімі тек рұқсат беріп ғана қоймай, «Мәңгілік Даңқ» шеруін өзі бастап жүрді.

2014 жылдың қаңтар айынан бастап «Оңтүстік РАБАТ» және «РАБАТ» газеттерінде, ОТЫРАР-TV телеарнасы мен otyrar.kz сайтында «Мәңгілік Даңқ» шеруі өтетіні туралы хабардар етіп отырдық. Ұдайы, тұрақты түрде хабарландырулар беріп, мұндай азаматтық бастаманың маңызын түсіндірдік. ҰОС қатысушылары туралы очерктер жарияладық.

Осылайша 2014 жылдың 9 мамыры күні де келіп жетті. Ол кезде Мәңгілік Даңқ шеруіне қатысушылар майдангер ата-әжелеренің суретін ұстап, сап түзеп Қажымұқан атындағы Орталық стадионнан басталып, Даңқ мемориалына дейін жүрді. Бұл тұсаукесер болатын.

Биыл, міне арада тура бір жыл өткенде Мәңгілік Даңқ шеруі Шымкентте тағы болды. Бұл дәстүрге айналды.

Мәңгілік Даңқ шеруіне кімдер қатысты?
2015 жылдың 9 мамырында Шымкентте өткен Мәңгілік Даңқ шеруіне 5000-ға жуық адам келді. Шеруге қатысушылардың қатарында Шымкент қаласының тұрғындары ғана емес, облысымыздың аудан-аудандарынан, сырт өңірлерден, сондай-ақ көршілес мемлекеттерден келушілер болды.
Мәңгілік даңқ шеруінің сапынан Қайрат Бұраханов та табылды. Ол шеруде Ұлы Отан соғысына қатысқан әкесінің портретін мақтанышпен ұстап жүрді. Қайраттың әкесі Нысамбай майданға 40 жасында шақырылған. Білімі жоғары Нысамбай Бұраханов соғысқа аттанар алдын командирлік курсты тәмамдайды. Калинин майданындағы 101 атқыштар бригадасының байланыс батальонының командирі болып бекітіледі. Жанкештілігімен, батылдығымен көзге түседі. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, елге оралады.

Елге оралып, еңбекке араласады. Әкесі көз жұмған 1956 жылы Қайрат небәрі алты жаста еді. Әкесі туралы естеліктерді кейін оның достарынан естіп-білді.

Бірде Нысамбайдың замандастары кішкентай Қайратқа жантүршігерлік оқиғаны айтып берді. 1944 жылдың шілдесінде жауынгерлер Украина жерін азат етуге бет алады. Ми қайнатар ыстық. Жүру тұрмақ, ойлануға мұрша жоқ. Қаруды алып жүрудің өзі мұң.

Нысамбайдың жасағы азат етілген ауылдардың біріне жақындағанда ауыл ортасындағы құдықты көреді. Шөл қысқан сарбаздар су ішпекке жапа-тармағай құдыққа жүгіреді. Құдықтың ағаш қақпағын ашып қалғанда, ішінен жас балалардың өлі денесін көреді. Жау әскерлерінің қатігездігіне шек жоқ. Олар қара суды ешкім ішпесін деп, құдық суын балалардың мүрдесімен толтырып тастаған екен.

Мұны көрген майдангерлердің бойын өшпенділік пен ыза кернейді, шаршап-шалдыққанын ұмытып, жау беттеген жаққа бұрылады. Олардың қатыгездігіне дер кезінде жауап қатқысы келеді, кек алуды көздейді. Ия, азаматтарға деген күш-жігер, осылай жауға деген жеккөрініштен туындап отырған..
Римма Нәбиева Мәңгілік Даңқ шеруіне отбасының барлық мүшелерін ерте келген. Ұл-қызы, келіні және екі бірдей немересі де осында. Әрқайсысының қолында жауынгер аталары: Рәшид Нәбиев, Анас Өтегенов және Саяха Шарфутдиновтың фотосуреттерін ұстаған.

Римма Нәбиева өткен жылы да Мәңгілік Даңқ шеруіне келген екен. Қолына бірнеше сурет ұстағандықтан, атасы Рәшид Нәбиевтің суреті қолына сыймай қалған. Амалсыз, жанындағы бөгде кісіге тапсырыпты. Бірақ шеру аяқталысымен мыңдаған адамның ішінен әлгі кісіні таппай қалады. Осылайша суреттен көз жазып қала берді.

Соңынан Римма: «Менің әкем көпшіл, мейірбан, қонақжай адам еді, сондықтан қонаққа кетті деп өзімді жыл бойы жұбатумен болдым», - дейді.

Сарбаз Рәшид Нәбиев Венск түбіндегі шайқастарға қатысқан. Ұрыс алаңында өзінің бірбеткей, жаудан қайтпайтын қайсарлығымен танылды. 1945 жылы 11 мамырда түс ауа Нәбиевтың алдыңғы жасағы Влтава жағалауына бет алады. Онда олар 5-ші американдық танк әскерін кезіктірді. Міне, майдангердің соғыстағы соңғы күндері осылай аяқталды.

ҰОС жауынгерлері Ибрагим Ирсалиев пен Эргаш Юлдашевтің ұрпақтары көршілес Өзбекстаннан Мәңгілік Даңқ шеруіне қатысу үшін Шымкентке арнайы келіпті.

Ирсалиевтер отбасының ерекшелігі сол – олардың отбасынан қан майданға бір емес, екі бірдей азамат аттанған. Отағасы – Исмаил мен оның ұлы Ибрагим. Әкесі Ленинградты азат ету жолында қаза тапқан. Ал ұлы — Ибрагим Исмаилов Берлинге дейін аман жетіп, Рейхстаг тақтасына қолтаңбасын қалдырады.

Хуснитдин мен Жамалитдин Ирсалиевтер өз әке-аталарының ерліктерін мақтан тұтып, балаларына үнемі айтып жүреді.
Зейнеткер-педагог Гүлзахира Тамабаева да «Мәңгілік даңқ» шеруін асыға күткендердің бірі. Ол әкесінің суретін ілетін тақтаны өз қолымен жасапты.

Осыдан 4 жыл бұрын әкесі Оразымбек Тамабаев өмірден озған. Айтуынша, майдангер соғысқа Қазығұрт ауданына шақырылған.

- Менің әкем бауырлас қаруластарын ешқашан ұмытқан емес, олардың ерліктерін әрдайым аузынан тастамай айтып жүретін, - дейді Гүлзахира.

- Біз майданда ұлт-ұлтқа бөлінген емеспіз. Барлығымыз бір атаның баласындай болып, бір-бірімізге жанымыз ашып жүретін. Тіпті бір үзім нанды өзімізге қимай, жарақат алған жауынгерлердің аузына тостық.
Әкем: «Бірде кешқұрым жарақат алған жауынгерлерді көтеріп, тасып жатқанбыз. Дәл осы кезде жау күтпеген жерден шабуыл жасады. Ту сыртымыздан жауған оққа төтеп бере алмай әлекке түстік. Сол мезетте жаудың оғы тіземді сырып өтті. Нысананы көздеген оқтың дөп тимеуінің де себебі бар. Жерде жатқан жаралы досым бар күш-жігерімен орнынан жоғары көтеріліп, өз кеудесін оққа тосыпты. Бұл жағдай ешқашан ұмытқан емеспін» деп айтып отыратын,- дейді Гүлзахира.
Мәңгілік Даңқ шеруіне келген жұрт: баласы, немересі, шөбересі, барлығы да ата-әжелерінің суреттерін асқан сақтықпен, аялай ұстады. Сап түзеген халық шеруде қатарды бұзбай, легінен жаңылмай жүріп өтті. Мақтаныш лебі ескен жүздерден қолдарындағы портреттерге деген үлкен құрмет сезіліп тұрды.
Мәңгілік шерудің расымен де жалпыхалықтық қозғалысқа айналғаны, ер есімдерінің ұмытылмай, соңында қалған ұрпақтарының оларды есте ұстайтыны, кескіндерін жүректерінде сақтайтыны шаттыққа бөледі. Жылдан-жылға қатысушы саны артып келе жатқан Мәңгілік Даңқ шеруінің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім күшейді.

Шымкентте өткен Мәңгілік Даңқ туралы өз достарыңызбен бөлісіңіз
Жобаны әзірлегендер
Мәтінін жазған: Жәнібек Нұрыш, Мөлдір Бекеева, Фарида Шарафутдинова
Фото: Әйгерім Бегімбет
Видео: Отырар-TV телернасының операторлары
Редактор: Жәнібек Нұрыш
Жетекші: Ольга Каплина
Made on
Tilda